Түркістанда ақын Алтыншаш Жақиянованың шығармашылық кеші өтті
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістанда ақын Алтыншаш Жақиянованың шығармашылық кеші өтті. Ақынның 60 жас мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылған жиынға қалалық ішкі саясат бөлімі ұйытқы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қаламгердің туған жеріне деген құрметі есебінде өткен салтанатты шараны Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ доценті, ақын-ғалым Досбол Ислам ашып, жүргізіп отырды. Кеш барысында ақынның сиясы кеппеген өлең жолдары оқылып, «Сезімнің гүлі» жыр жинағының тұсауы кесілді. Отты жырлары оқырман тарапынан жоғары бағаға ие болған, поэзия әлемінде өзіндік орны бар тұлғаны қала әкімінің орынбасары Мұрат Базарқұлов арнайы келіп құттықтады. Ақынға шаһар басшысының атынан алғыс хат табыстады. Кеш барысында студенттер ақынның өлеңдерін жатқа оқып, мерейін үстем етті. Ал, ерекше иірімдермен өрілген жырлар әдемі әнге арқау болып кештің ажарын аша түсті.

Айта кетейік, ҚР Журналистер мен Жазушылар одағының мүшесі Алтыншаш Жұманқызы 1959 жылы 30 қаңтарда Түркістан ауданына қарасты Майдантал елді мекенінде дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-нің журналистика, ҚМҚ ПИ-ның тарих-филология факультетінде білім алған.

Көп жылдар бойы өз мамандымен еңбек етіп, кейіннен ұстаз ретінде шәкірт тәрбиелеген. Қазіргі таңда ақынның 20-ға жуық кітабы жарық көріп, 30-дан аса өлеңдеріне әндер жазылған. Бұл әндері тыңдармандардың жүрегінен орын алған.


