Түркістанда алаяқ әйел «мүгедектікке шығарып беремін» деп алдап, ақша алған
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан қаласында «мүгедектікке шығарып беремін» деп елді алдаған күдікті әйел ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданып келді.
Жәбірленуші әйелдің айтуынша, өзіне жақын таныс емес азаматша «мүгедектікке шығарып беремін» деп 150 мың теңгесін алып, алдап кеткен.
Арадан біршама уақыт өтсе де ол жәбірленушіге берген уәдесін орындамаған.
Мүгедектікке шықпағаннан кейін, не ақшасын қайтармаған соң сан соғып қалғанын түсінген тұрғын полицияның көмегіне жүгінген.
Түркістан полицейлері аталған жайтқа байланысты тергеп-тексеру амалдарын бастап кетті.
Жүргізілген жедел іс-шаралардың нәтижесінде қалалық сақшылар күдікті әйелді анықтайды.
Ол осы қаланың бұрын сотты болған тұрғыны болып шықты. Аталған жайт ҚР ҚК 190-бабымен тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілді.
Күдікті қолхатпен босатылған.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға алаяқтардың арбауына ермей, кез келген мәселені заң жүзінде шешуді ескертеді.
«Егер осындай алаяқтардың қылмысына куә немесе құрбан болсаңыз, «102» шұғыл нөміріне хабар беріңіз, өйткені дер кезінде берілген ақпарат қылмыстың тез ашылуына ықпал етеді» дейді полиция.