Түркістанда әлемде сирек кездесетін, 12 ай бойы гүлдеп тұратын өсімдіктер отырғызылған
Бой көтерген ғимараттардың ішкі әрлеу және абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Жасыл қалаға айналып келе жатқан Түркістанның төңірегінде көгал мен тал егу жұмыстарына ерекше назар аударылған. Қаланың жасыл желегін жайқалтып, экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында ең озық технологиялар қолданылуда.
28 гектар алқапты алып жатқан Түркістан қалалық дендросаябағы қала іргесінде орналасқан. Мұнда 12 мың сан түрлі жеміс ағаштары мен көпжылдық өсімдік түрлері өсіріледі. Бүгінге дейін 10 мыңнан астам көшеттер егілген. Саябақта сондай-ақ, жасанды көл болады. Әртүрлі гүлдер отырғызылып, аяқжолдар төселіп, жарықшамдар орнатылған. Субұрқақтар және жасанды көпірлер салынған. Мұнда 200-ге жуық жұмысшы мен 20 техника жұмылдырылған.
Ясауи кесенесінің аумағы жасыл желекке оранып, Ислам бағына айналады. Өмірзақ Шөкеев кесене айналасындағы ботаникалық бақты абаттындыру жұмыстарымен танысты. Жеті гектар жер әлемде сирек кездесетін жасыл желекке оранып, ашық түсті, хош иісті гүлдермен көмкеріледі. Олар жыл 12 ай бойы гүлдеп тұрады.
Облыс басшысы «Керуен сарай» кешені аумағында іске асып жатқан инфрақұрылым жұмыстарын бақылау барысында бірқатар тапсырмалар берді. Демалыс аумағындағы 50 гектар жерді абаттандырып, инженерлік инфрақұрылым жүргізілуде. Жолдар жөнделіп, су және кәріз жүйесі жасалып жатыр. Облыс әкімі мұндағы абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарының бекітілген кестеге сай аяқталуын міндеттеді.