Түркістанда әскерилер өртенген үйден үш адамды құтқарды
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысындағы аумақтық әскер қатарында қызмет етіп жүрген жігіттер отқа оранған пәтерден үш адамды алып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
«Ефрейтор Шахрух Журабеков, қатардағы жауынгер Мақсат Жұманазаров және Түркістан қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметкері, учаскелік полиция инспекторы Әділбек Мархабай «Отырар« мөлтекауданындағы үйлердің бірінен шыққан өрттен үш азаматты құтқарды», делінген хабарламада.
Бұл жігіттер төтенше жағдайға байланысты әскери міндеттілерді арнайы жиынға шақыру жөніндегі Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, Түркістан облысында жасақталған аумақтық әскер қатарында қызмет етіп жүр.
Көпқабатты аулаларды аралап жүрген патруль қызметкерлері көмекке шақырған дауысты естиді. Шұғыл оқиға орнына жеткен әскерилер өртеніп жатқан үйден егде жастағы екі қария мен оның қызын құтқарған. Жедел-жәрдем шақырып, зардап шеккендерге медициналық қызмет көрсетуге атсалысқан. Абырой болғанда, үй иелері зардап шекпеген.
Белгілі болғандай, өрт газдағы қатты қызған майдан шыққан.



