Түркістанда биыл шитті мақтаның бағасы 400 теңгеге дейін көтеріледі деп күтілуде
Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Т.Оспановтың айтуынша, биыл облыста мақта дақылы 126,3 мың гектарға егілген. Жалпы 345 мың тонна шитті мақта жиналып, өткен жылғы көрсеткіштен артады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, мақта бағасы биыл 400 теңге көлемінде болады деп күтілуде. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, өткен жылы бір келі мақтаның бағасы 320-380 теңге аралығында болған.
Ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстар барысы мен өзекті мәселелер Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланды. Өңір басшысы жиын-терім кезеңінде жұмыстарды сапалы атқарып, шаруаларға қолдау көрсетуді тапсырды.
«Биыл ауыл шаруашылығы саласында көрсеткіш жоғары. Жетістіктер жылы болып тұр. Көп жұмыс атқарылды. Бұл – осы саладағы азаматтардың, халықтың еңбегінің жемісі. Енді осы жетістікке жету жолын үйрету үшін шаруаларды жинап, семинар өткізу керек. Көкөніс, бидайға қатысты семинар өткізіп, тәжірибемен бөліскен жөн. Егістік басына апарып, техникалар мен технологияларды көрсету арқылы жұртшылықты ауыл шаруашылығына қызықтыра аламыз», – деді Өмірзақ Шөкеев.