Түркістанда бойжеткен екі рет қатарынан мас болып көлік жүргізген
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында екінші рет мас күйінде көлік жүргізген жүргізуші жас қыз ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Түркістан қалалық полиция бөлімі жергілікті полициясының инспекторы, полиция аға лейтенанты Сағи Абсейітов түнгі сағат 00:20 шамасында қала көшеcінде автокөлігінің артқы шамын жақпаған «Мерседес-Бенц200» маркалы автокөлігін тоқтатады.
Тексеру кезінде көлік жүргізушісінің әйел екені және оның көлікті мас болып айдап келе жатқанына күдік туындайды.
Полицейлер осы жайтты нақтылау үшін медициналық сараптама тағайындады.
Куәландыру қорытындысына сәйкес күдікті әйелдің «орта» дәрежеде мас екені анықталды.
Сонымен қатар жүргізушінің құжаттарын қарау барысында, оның бұдан алдын ішімдік ішіп көлік басқарғаны үшін Жаңақорған аудандық мамандандырылған сотының шешімімен ҚР ӘҚБтК 608-бабы бойынша 5 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айрылғаны анықталды.
Оған қарамастан жүргізуші әйел тағы да мас күйінде көлік тізгіндеген.
Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 346-бабы бойынша тіркеді. Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасып жатыр.