Түркістанда COVID-19 инфекциясын ерте анықтайтын вирусологиялық зертхана ашылды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістанда «Облыстық фтизиопульмонология орталығында» ашылған COVID-19 инфекциясын ерте анықтайтын вирусологиялық зертхана заманауи үлгідегі аппараттармен жабдықталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістанда COVID-19 инфекциясын ерте анықтайтын вирусологиялық зертхана ашылды

Облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметінше, Германияда шығарылған Xpert, БАК-ТЕК, БИОНЕР, Хайн-тест аппараттарының мүмкіндіктерін пайдалана отырып коронавирус індетін анықтауға болады. Зертханаға өңірдегі ауруханалардан алынған сынамалар жолданады. Сонымен қатар ауруханаға түскен науқастар да бірден коронавирус инфекциясына тексеруден өткізілуде. Мамандар жаңа аппараттарды жақсы меңгеріп, халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыруға өз үлестерін қосуда. Жалпы туберкулез ауруына шалдыққан науқастар емделетін бұл ауруханада алдағы уақытта сондай-ақ, 16 төсек орынға арналған пульмонологиялық бөлімше ашу жоспарлануда.

Айта кетерлігі, емдеу мемесінде «Дезинфекциялау өткелі» орнатылған және күнделікті науқастар мен барлық қызметкерлердің дене қызуы тексеріліп отырады. Дәрігерлер тіпті онлайн режимде де диагностикалық кеңес беруді қолға алған.

Еске салайық, бұл өңірде ашылған үшінші вирусологиялық зертхана болып отыр. Онда қауіпті індет вирусын анықтауға қажетті медициналық мақсаттағы бұйымдар мен қызметкерлердің жеке қорғаныш киімдері және залалсыздандыру мақсатында қолданылатын антисептиктермен толық қамтамасыз етілген.