Түркістанда Darmen қосымшасы таныстырылды
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында төтенше жағдайды ескертетін Darmen қосымшасы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облысы өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
«Еліміздің тұрғындарының қауіпсіздігі үшін «Darmen» мобильдік қосымшасы іске қосылып отыр. Ол дауылды гидрометеорологиялық құбылыстар, сейсмикалық қауіптілік қатерлер, қысқы кезеңде автомобиль жолдарының жабылуы туралы халықты уақытылы хабардар етуге мүмкіндік береді. «Darmen» мобильді қосымшасы «Play market» және «App store» жүйелерінде қолжетімді», - деді өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысы ТЖД басқармасының басшысы Бақытжан Запаров.

Түркістан облысында 2018-2019 жылғы жылыту маусымында орын алған жағдайларды ескеріп биылғы жылы жылыту маусымында улы газдан уланудың алдын алу жұмыстары маусым айынан басталған болатын.
«Департаменттің бастауымен облыстық деңгейде құрамында әкімдік өкілдері мен полиция қызметкерлері бар екі топ құрылды. Аталған топтар 16 аудан, 32 елді мекенде газдан уланудың алдын алу және жазғы маусымда суға шомылу қауіпсіздігі жөнінде жалпы саны 5 мыңнан аса адамды қамтыған үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Көпбалалы және тұрмыс жағдайы төмен отбасылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыстық әкімдіктің қолдауымен 34 389 үйге газосигнализатор орнатуға қаржы қарастырылған болатын. Бүгінгі күнге 16 мыңнан астам үйге осы қондырғы орнатылды. Қазіргі таңда Отырар, Қазығұрт, Бәйдібек, Төле би, Сайрам, Мақтаарал, Түлкібас аудандарында құрылғына орнату жұмыстары толық аяқталып, қалған аудандар аяқтау үстінде», – деді Б. Запаров.
Сонымен қатар, облыста 384 адамнан тұратын 78 топ құрылған. Бұл іс-шараға 92 ерікті студент жұмылдырылды. Бұл құрам 8 520 үйді аралап, нәтижесінде 3127 үйдің пеш қондырғысы жөнделген. Сондай-ақ, 3 015 үйдің электр жүйесі ретке келтіріліп, 2 490 үйдің мұржасы тазаланды.
Облыс тұрғындары жылыту маусымының алдында өрт қауіпсіздігінің ережелерін сақтап, алдын алу жұмыстарын жүргізу қажет. Атап айтқанда, көмір-ағаш және газ пештерін тексеру, түтін мұржасын күйеден тазарту, мұржадағы барлық тесікті бітеу, пеш есігін тексеру, түтін шығарғыштардың жай-күйін тексеру үшін білікті мамандарды үйге шақыру, электр сымын тексеру, электр желісін, сонымен қатар желіге бірнеше тұрмыстық техниканы қоспау керек.

