Түркістанда ерекше қамқорлықтағы 35 қызға мерекелік сыйлықтар берілді

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістанда ерекше қамқорлықтағы 35 бүлдіршінге арнайы мерекелік сыйлықтар берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістанда ерекше қамқорлықтағы 35 қызға мерекелік сыйлықтар берілді

Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков оңалтудың жеке бағдарламасымен қамтылған 35 қыз баланы арнайы құттықтап, сый-сияпат жасады.

«Баланың бөтені болмайды» деген қала әкімі ерекше қамқорлықтағы бүлдіршіндердің аналарына алғысын айтты.

«Әлемдегі бейбітшілікті сақтайтын ең ұлы күш - аналардың тілегі және жүректегі мейірім. Біз мейірімді болуды Сіздерден үйренеміз. Өмірдің сын-сағаттарына сынбай, алға ұмтылыстарыңыз, ертеңге деген үміттеріңіз - қайрат пен жігердің үлгісі. Бүгінгі басқосуымызды пайдаланып, мен әр біріңізге шынайы ризашылығымды білдіргім келеді» - деді қала әкімі.

Мерекелік кеште бүлдіршіндердің көңілін ертегі кейіпкерлері көтеріп, түрлі ойындар ұйымдастырды. Тәттілер үлестіріліп, ойыншықтар таратылды.

Ал, Халықаралық әйелдер мерекесіне орай қалада ұйымдастырылған іс-шарада Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Нұрлан Өнербаев әннен шашу шашты. Мерекелік жиынға коммуналдық салада және әлеуметтік жүйеде жұмыс істеп жүрген келіншектер мен көпбалалы аналар қатысты.