Түркістанда ерте пісетін көкөністер өзге өңірлерде тиімді бағамен сатылады
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында ерте пісетін көкөністер өзге өңірлерде тиімді бағамен сатылатын болады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдерінің қатысуымен Түркістан облысының Сарыағаш ауданында өткен көшпелі жиында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін түбегейлі шешу міндетін қойған болатын. Басты мақсат – ауыл шаруашылығы субьектілерін, бизнес өкілдерін қолдай отырып, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету. Осыған орай, Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында Түркістан өңірінде ерте пісетін көкөністерді өзге облыстар мен қалаларға жөнелтуге форвардтық келісімшарт жасақтау жөнінде көшпелі жиын өтті. Осы келісім арқылы көкөністер тиімді бағада саудаланбақ.
Көшпелі жиналысқа Ауыл шаруашылығы министрлігі егіншілік депарменті мелиорация басқармасының басшысы Медет Жәдігерұлы, Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржігіт Мырзахметов, «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Файзулла Байдуллаев, облыс және облыстық маңызы бар қала әкімдіктерінің салалық орынбасарлары, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялары, қаржы мекемелері, ауыл шаруашылығы саласының өкілдері, ірі сауда желілерінің басшылары және кәсіпкерлер қатысты.

Мәжілісте Түркістан облысының ауыл шаруашылығын дамытуда еліміздегі ең қолайлы өңір екені айтылып, мүмкіндіктері сараланды. Облыста көкөністер басқа өңірлерге қарағанда 1,5-2 ай бұрын жиналады. Жылдық тұтыну нормасына сәйкес облыс халқы картоп, сәбізбен 1,5 есе, пиязбен 4,4 есе және қырыққабатпен 6,6 есе қамтамасыз етіледі. Демек, Түркістан облысы диқандарының республика халқын әлеуметтік маңызы бар ерте мезгілдік картоп, пияз, сәбіз өнімдерімен қамтуға толық мүмкіндігі бар.
Ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру аясында биыл Түркістан өңірінде ерте пісетін картопты 9,02 мың гектарға, пиязды 2,0 мың гектарға, сәбізді 1,24 мың гектарға және қырыққабатты 7,54 мың гектарға егу жоспарланған. Нәтижесінде 186,3 мың тонна картоп, 55,5 мың тонна пияз, 30,4 мың тонна сәбіз және 187,2 мың тонна қырыққабат алу көзделіп отыр.
Көшпелі мәжіліс барысында Түркістан облысы әкімдігі мен облыс және облыстық маңызы бар қала әкімдіктері арасында ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу жөніндегі өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Облыс әкімдігі тарапынан Ауыл шаруашылығы министрлігіне көктемгі дала жұмыстарына берілетін жеңілдетілген несие көлемін ұлғайту жөнінде ұсыныстар енгізілді.

Фото: Түркістан облысы әкімдігі