Түркістанда фермерлер ауыл шаруашылығы саласына бағытталған көмек жайын сөз етті
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат -«Қазақстанның Фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының өкілдері Түркістанда көшпелі жиын өткізді.
Басқосуда аймақтағы шаруалардың ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктері сөз болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алқалы жиында сөз алғандар елімізде ауыл шаруашылығы саласына бағытталған көмек жайын сөз етті. «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мен 5 институционалды реформа аясында атқарылған шаруаларды саралады. Былтырдан бастап, қолға алынған агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған бағдарламасы болса, өз тиімділігін дәлелдеп отыр. Бұған сәйкес, ауданда 83 ауыл шаруашылық кооперативі табысты жұмыс істеуде. Онда 2 мыңға жуық ұсақ шаруа қожалықтарының ортақ мүддесі тоғысқан. Қазір қалаға қарасты ауыл-аймақтар «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасынан мол шарапат көруде. Дейтұрғанмен, қарапайым халықтың ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту, агрохимия саласын дамыта отырып, тұқым шаруашылығын қолға алуда біліктілігі жеткіліксіз. Сол себепті Фермерлер одағы осы және өзге де өзекті проблемалар бойынша кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қарапайым шаруалардың күнделікті кездесіп жататын проблемаларына қатысты сауалдарына жауаптар берді.