Түркістанда Халықаралық суретшілер плэнері өтті
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Түркістан облысында «Kaskasu» Халықаралық суретшілер пленэрі қорытындыланды. Шараның салтанатты жабылу рәсіміне облыс әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы қатысып, пленэрге қатысқан қылқалам шеберлерін марапаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аймақ басшысы суретшілердің апта бойы салған суреттерін тамашалап, өнер иелеріне шығармашылық табыс тіледі.
«Бұл шараға әлемнің әр түкпірінен келген атақты суретшілердің туындылары Түркістан облысының көркемсурет қорын толықтыруға өз септігін тигізері сөзсіз. Халықаралық деңгейдегі белгілі қылқалам шеберлерінің осы апталықтағы шығармашылық ізденісінен құнды өнер туындысы табылады деп сенем. Аталған шараны ұйымдастырудың басты мақсаты - Түркістан өңірінің өзіндік табиғи географиялық ерекшеліктерін және көз тартарлық орындарын бейнелейтін халықаралық деңгейдегі өнер шығармаларын жасап, оларды әлемдік деңгейде таныту, сол арқылы туризмді дамытуға үлес қосу», - деді Жансейіт Түймебаев.
Айта кетейік, халықаралық суретшілер пленэрі 22-27 шілде аралығында облыс әкімдігінің бастамасымен және облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының, Төле би ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткізілді.
Жиынға Түркия, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан, Әзербайжан елдерінен және республикамыздың Астана, Алматы, Орал, Ақтөбе, Атырау, Павлодар, Қарағанды, Тараз қалаларынан, сондай-ақ, Түркістан облысының арнайы білімі бар кәсіби 24 суретші қатысты. Қылқалам шеберлері бір аптаның ішінде он ауданды аралап, ондағы бірқатар тарихи - мәдени орындарда болды. Сондағы көріністерді қағаз бетіне түсірді.