Түркістанда халықаралық талапқа сай спорт кешендері салынып жатыр

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістанда халықаралық талапқа сай спорт кешендерінің құрылысы жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Олимпиадалық резерв мектебінің әкімшілік ғимараты мен жатақханасының құрылысы аяқталуға жақын. Бесқабатты жатақхана аталған мектеп шәкірттерін, студенттер мен қызметкерлерді уақытша баспанамен қамтамасыз ету мақсатында салынған. 200 орындық ғимарат құрылысы қазан айында ақталады. Бүгінде ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, құрал-жабдықтар орнатыла бастады.

Қалада «Мұз сарайының» құрылысы да жүріп жатыр. Әлемдік стандарттарға сай мұзайдыны 1 200 адамға есептелген. Жаңа нысан жыл соңында ашылады.

Сондай-ақ, «Теннис орталығы», Б. Саттарханов атындағы спорт кешені, «Ат спорты кешені» секілді жаңа нысандар бой көтерді. 35 гектар жерде орналасқан ат спорты кешенінде поло-клуб, манеж, стендтік атысқа арналған алаңқай, садақ атуға арналған алаң, канал арқылы өтетін көпір мен атпен серуендеу аймағы болады.

Өңірде футболға айрықша қолдау көрсетіліп жатыр. 20 гектар жерде орналасқан «TURAN» футбол академиясының құрылысы да аяқталуға таяды. Мұнда спортшыларға Еуропаның үздік клубтарындағыдай жағдай жасалады. Жаңа кешенде 10 футбол алаңы болады. Допинг-бақылау кабинеттері, 300 орынды қонақүй де бар.

Елімізде теңдесі жоқ ескек есу каналына да су келді. Облыс орталығындағы спорт кешенінің құрылысы халықаралық талаптарға сай жүргізіліп жатыр. Жалпы ауданы 100 гектарға жуық алаңда орналасқан кешенде ұзындығы 2,5 шақырымға созылатын су арнасы салынды. Құрылыстың екінші кезеңі аяқталған соң, мұнда сапбординг, су шаңғысы, флайбординг, вейксерфинг, канополо, драгонбот және жағажай футболы, волейбол, гандбол, регби секілді су және жағажай спортының танымал түрлерінен сайыстар өтеді. Ескек есу спортын жан-жақты дамытуға мүмкіндік жасалады. Әзірге, бұл спорт түрінен Түркістан облысы республикада көш бастап тұр.


Соңғы жаңалықтар
telegram