Түркістанда халықаралық туристік және инвестициялық форум өтуде
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Түркістан қаласында «Көне Түркістан - жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық инвестициялық жəне туристік форум басталды. Шараға Қазақстаннан бөлек, Ресей, Оңтүстік Корея, Қытай, Сингапур, Малайзия, Пәкістан, Өзбекстан және бірқатар Еуропа елдерінің өкілдері қатысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Форумға ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Түркі кеңесінің бас хатшысы Бағдат Әміреев, Еуразиялық экономикалық ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Владимир Пискурев, Туризмнің Еуразиялық қауымдастығының президенті Рысты Қарабаева және өзге де делегаттар қатысуда.
Шараны ашқан Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев өңірдің дамуы және инвестициялық тартымдылығы жөнінде мәлім етті.
«Былтыр өңірге 482 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды және бұл көрсеткіш бойынша республикада үздіктер қатарынан табылды. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібіне 129 млрд теңге тартылып, 2,5 есеге ұлғайған. Облыста шағын және орта кәсіпкерлік жақсы даму үстінде. Инвестиция тарту мақсатында Түркістан қаласында «Turkistan» арнайы экономикалық аймағын құру жұмыстары жоспарланған. Аймақта кәсіпкерлерге 25 жылға дейін салық төлеуде жеңілдіктер қарастырылмақ», - деді Жансейіт Түймебаев.
Форум аясында В2В форматындағы кездесулер өтеді деп жоспарлануда. Атап айтқанда, Түркістан облысы әкімдігі мен шетел компаниялары арасында келісімдер мен меморандумдарға қол қойылмақ. Облыстың туристік, экономикалық әлеуетін көтеру, кәсіпкерлікті, өндірісті дамыту бағытында нақты жобалар ұсынылып, шетелдік инвесторлармен келісім жасалмақ. Сонымен бірге «Туризм индустриясы - Қазақстан экономикасының жаңа драйвері», «Солтүстік-Оңтүстік экономикалық дәлізі» тақырыптарында және агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы адам капиталының рөлі жөнінде пікір алмасулар өтетіні күтілуде.