Түркістанда қаланың дамуына еңбегі сіңген азаматтар марапатталды
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістанда қаланың дамуына еңбегі сіңген азаматтар марапатталды. Қала басшысы Рашид Аюпов қаланың дамуына еңбегі сіңген және түрлі салада көш бастап, белсенділік көрсетіп жүрген азаматтарға «Қалаға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тақты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Марапатталған азаматтардың қатарында «Әйелдер алқасының» төрайымы Ұлжан Мұстафаева мен Қ. А. Ясауи атындағы ХҚТУ-дің профессоры, журналист Бекжігіт Сердәлі, қалалық Қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы Нығмет Ахметұлы және басқа да тұрғындар бар. Оларға арнайы медаль мен алғыс хат және сый-сияпат тапсырылды.
Сонымен қатар, бұл күні қалалық мәслихаттың үздік депутаттары да құрметке бөленді. Ғаппар Сәрсенбаев «Үздік мәслихат хатшысы» атанса, Ержан Мұстапаев «Үздік мәслихат депутаты» деп танылды. Ал. «Халық алғысы» мерекелік медалімен Айдос Абпазов және басқа да мәслихат депутаттары марапатталды.
«Сіздердің оңды істеріңіздің арқасында қаламыздың дамуында да ілгерілеу байқалады. Осындай істеріңіз бен жанашырлықтарыңызға алғысымды білдіремін. Алдағы істеріңізге табыс, еңбектеріңізге жеміс тілеймін!», - деді қала әкімі Рашид Аюпов.