Түркістанда қалтаға түскен ұрыны тоқтатпақ болған әйел таяқ жеді
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Түркістан қаласында қоғамдық көліктердің бірінде жолаушы әйел қалта ұрысынан таяқ жеді. Келіншек ұрының автобустағы жолаушылардың бірінің ұялы телефонын ұрлап жатқан сәтін байқап қалған. Ал оны тоқтатпақ болған әйелді әлгі жігіт ұрып, оқиға орнынан қашып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Осыдан кейін жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізген Түркістан қалалық ІІБ қызметкерлері қоғамдық көліктерде қалтаға түсумен айналысады деп күдік келтірілген 32 жасар азаматты ұстады.
Тергеу барысында қолға түскен сезіктінің бірнеше қалта түсу әрекетіне қастысы бар екені анықталды. Бұған дейін бірнеше рет сотты болған ол жымысқы әрекетін негізінен қоғамдық көліктерде жасап жүріпті. Мәселен, осы жылдың сәуір айында қоғамдық көлікте кетіп бара жатқан қыздың ұқыпсыздығын пайдаланып, оның ұялы телефонын алып қашып кеткен. Сөйтіп ол жәбірленушіге 100 мың теңге көлемінде шығын келтірген. Арада апта өткенде күдікті дәл сол жолмен өзге бір жолаушының ұялы телефонын қолды қылған. Қазіргі таңда сезіктінің өзге де қылмыстарға қатыстылығы анықталуда. Аталған жайт бойынша ҚР ҚК 188-бабы «Ұрлық» және 191-бабы «Тонау» негізінде қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.