Түркістанда құрбысының атынан онлайн-несие рәсімдеген алаяқ ұсталды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ордабасы АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданады. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, бейтаныс тұлға оның атынан 2018 жылы қараша айында микрокредиттік ұымдардың бірінен 25 000 теңге онлайн-несие алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түркістан облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Екі жылда қарызы көбейіп, хабар келгенде, тұрғын тез арада тәртіп сақшыларынан мән-жайды анықтауға көмек берулерін сұрайды. Аталған жайт СДТТБТ-ға енгізіліп, ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді.
Арызданушының шағымына сәйкес, орын алған алаяқтық қылмысын ашып, күдіктіні анықтау мақсатында Ордабасы ауданы полицейлері қажетті іс-шараларды жүргізді. Тексеру жұмыстары нәтиже беру үшін Ордабасы АПБ-нің тергеушісі полиция лейтенанты Берікқали Оразбай арнайы іссапармен Алматы қаласына барып, аталған шағын несие беру ұйымымен бірлесе жұмыс атқарды. Тергеу барысында осы қылмысқа қатысты күдіктінің кім екені анықталды. Оны полицейлер тұрғылықты мекенжайынан ұстады. Ол жәбірленушінің бұрынғы құрбысы болып шықты.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті 2018 жылы Өскеменде жүріп, жәбірленушіге хабарласқан. Яғни, құрбысына саған ақша салам, үйдегілер сенен алып кетсе деп өтініш айтқан. Содан екеуі келісіп құрбысына сенген жәбірленуші оған өзінің банктік карточка мен жеке куәлігінің мәліметтерін суретке түсіріп жіберген. Осы арқылы күдікті онлайн-несие алуға өтініш тастап, несие рәсімдеген. Күдікті өз кінәсін толық мойындап отыр.
Одан бөлек, полицейлер күдіктінің Ордабасы ауданында тағы 6 тұрғынның атынан несие алғанын анықтады. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 300 000 теңгеден асады. Күдіктінің бас шарасы «қолхатта». Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлер оқиғаның толық мән-жайын анықтауда.