Түркістанда күзет агенттігінің кеңсесінен қару ұрланды
Түнгі уақытта Түркістан қалалық полиция басқармасының кезекші бөліміне күзет агенттіктерінің бірінің кеңсесінен атыс қаруы ұрланғаны туралы хабарлама түскен.
«Оқиға орнына қалалық полиция басқармасының басшылығы бастаған жедел-тергеу тобы шықты. Полиция қызметкерлерінің анықтауынша, белгісіз адамдар күзет агенттігі орналасқан ғимаратқа кіріп, сейфті ашып, оқтары бар «Сайга» аңшылық мылтығын ұрлап кеткен. Сонымен қатар, ұрылар көрші кеңселерден екі ноутбукты қолды қылған. Аталған жайттар ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігі (Ұрлық) және 287-бабы 1-бөлігі (Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді», - делінген полиция ақпаратында.
Мәлім етілгендей, қару-жарақ пен басқа да бағалы заттарды ұрлаған күдіктілерді ұстау мақсатында Түркістан қаласының полицейлері жақын маңдағы аумақтарды аралап, видеобақылау камераларын мұқият тексерген.
«Полицейлер видеокамералардың бірінен түнгі уақытта сөмкелеріне ауыр зат салып алып жүрген екі жаяу адамды байқаған. Алынған ақпараттың арқасында криминалдық полиция қызметкерлері іздестіру іс-шараларын жалғастырып, бір апта ішінде ұрылардың ізіне түсті. Одан әрі жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде тәртіп сақшылары ұрлық жасаған күдіктілерді ұстады. Күдіктілер Отырар ауданының тұрғындары, жас жігіттер болып шықты. Өз кінәларын толық мойындады», - делінген баспасөз баянында.
Ұрылар ұрланған қаруды танысына сатып, ноутбуктарды Шымкент қаласындағы ломбардқа өткізген. Ал ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсаған.
Күдіктілер қамауға алынды.