Түркістанда қызғалдақтар көрмесі өтеді

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат- Түркістанда қызғалдақтар көрмесі ұйымдастырылып, онда өңірдегі барлық қызғалдақ түрлері келушілер назарына ұсынылмақ. Бұл туралы «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік паркінің туризм, рекреация және экологиялық ағарту бөлімінің басшысы Ғани Назарбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістанда қызғалдақтар көрмесі өтеді

Сала маманының сөзінше, жуық арада бүр жаратын қырмызы қызғалдақтарды жұлғандарға заң аясында жауапкершілік қарастырылған. Сондықтан тау бөктерінде жайқала өскен дала гүлдеріне, табиғатқа зиян тигізбеген абзал.

Ғани Назарбек сонымен қатар өңірлік парк аумағында өткен жылы 14 орман өрті оқиғасы тіркелгенін атап өтті. Ал, сұғанақтыққа қатысты 300 рет рейд жүргізіліп, 152 заң бұзушылық жәйті анықталған.

«Заңсыз аң аулау, орман заңдылықтарын және балық қорын қорғау ережелерін бұзу дерегімен 130 оқиға бойынша 1 млн 93 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Биыл да жыл басынан бері 40 рет рейд жұмыстары жүргізіліп, 19 заңбұзушылық жәйті анықталған. Өңірлік табиғи паркке қарасты 5 тұрақты және 1 уақытша орман тұқымбағында бүгінгі таңда 1 742 016 мың дана стандартты көшеттер өсірілуде. Тұқымбақтардың жалпы көлемі 56 гектарды құрайды. Паркте сүтқоректілердің шамамен 46 түрі мекендейді. Оның ішінде тас сусары, арқар, үнді жайрасы, ақ бауыр жарқанат, кеңқұлақты жарқанат Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Өсімдіктердің шамамен 850 түрі болса, оның 42 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енген», - деді Мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің маманы.

Айта кетейік, өңірдегі паркте туристік бағыттағы жалпы ұзындығы 162,85 шақырым аумақ бар. Өткен жылы парк аумағына 4 мыңға жуық адам кіргізіліп, көрсетілген қызмет көлеміне сай парк есеп-шотына 1 090 876 теңге қаржы түскен.