Түркістанда мемлекеттік қызмет көрсету жәрмеңкесі өтті
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Түркістан қаласында мемлекеттік қызмет көрсету жәрмеңкесі өтті. Шараға жер қатынастары, әділет, салық, АХАЖ, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, сәулет және қала құрылысы, білім, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, көші-қон салаларының уәкілетті өкілдері мен жауапты мамандары қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жәрмеңкені Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық Департаменті мен облыстық «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы және Түркістан қаласы әкімдігі бірлесіп өткізді. Шара барысында халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді алудың тәртібі түсіндіріліп, азаматтар мобильдік ХҚКО арқылы электрондық цифрлық қолтаңба алды. Тұрғындарға құқықтары түсіндіріліп, брошюралар таратылды. Сала мамандарының сөзінше, мемлекетте қазір 746 қызмет түрі бар. Соның 621 корпорация арқылы жүзеге асырылады. 542 қызмет электрондық үкімет порталы арқылы жасалғандықтан кез келген азамат интернет арқылы 452 қызмет түрін пайдалана алады.