Түркістанда Нью-Йорк баспалдағы тәрізді нысан бой көтерді
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан қаласында ашық аспан астында өтетін думанды мерекелерге арналған жаңа алаң пайда болды. Қазіргі уақытта шаһардағы Есімхан алаңында әлемге әйгілі Нью-Йорк баспалдағы салынуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ашық аспан астында орналасқан ерекше дизайнды демалыс орнында «Open Space» үлгісіндегі іс-шаралар, сан алуан сайыстар мен фестивальдер өткізіледі. Түркістандықтар мен өңір қонақтары үлкен экранда тегін фильмдер мен футбол ойындарын тамашалай алады.
Тұрғындарды мәдени, рухани жағынан байыту, оларды бірлікке шақыру, жаздың кешкі күндерін көңілді өткізуге септігін тигізу мақсатында қолға алынған жаңа жоба көп ұзамай іске қосылады деп жоспарлануда. Ашық сахналы, айналмалы баспалдақты демалыс орнының биіктігі – 4,5 метр, ені – 11 метрге есептелген. Ерекше сәулетімен таң қалдыратын Нью-Йорк баспалдағы жастар мен туристердің сүйікті демалыс орнына айналары сөзсіз.
Түркістан қаласында құрылыс жұмыстары жоспар бойынша жүріп жатыр. Құрылысшылар еңбек қауіпсіздігімен қатар, төтенше жағдай ережелерін қатаң ұстануда. Барлық санитарлық талаптар күшейтілген.