Түркістанда «Neke tour» байқауында жеңімпаз атанған жұптардың некесі қиылды

ТҮРКІСТАН. Түркістанда – «Neke tour» республикалық байқауында топ жарған жас жұбайлардың Түркістан қаласында некесі қиылып, марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістанда «Neke tour» байқауында жеңімпаз атанған жұптардың некесі қиылды

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Түркістан облысының Мәдениет және туризм басқармасының «Open Turkistan» туристік-ақпарат орталығы «Neke tour» республикалық байқауын жариялаған болатын. Байқау шарттары бойынша, жас отау иелері 3-9 сәуір аралығында neke-turkistan.kz порталы арқылы онлайн-өтінім жолдады.


Бүгін Түркістан қаласына аталған байқаудың жеңімпазы атанған 15- жұптың 14-і келді. Іс шара барысында олардың некесі қиылды. Түркістанға жолдама алған жеңімпаздарға екі күн бойы құрмет көрсетіледі. Мәселен, бүгін романтикалық кешкі ас, фотосессия және мәдени бағдарлама ұйымдастырылса, ертең қаланың көрікті орындары мен қала маңындағы киелі жерлерге зиярат ету жоспарланған.

15 сәуір – Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу күніне орай ұйымдастырылған шараны Түркістан облысы Мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Әділ Қонысбеков ашып беріп, байқау жеңімпаздарын марапаттады.

«Биылғы жылы Рамазан айымен тұспа-тұс келіп отырған «Қозы көрпеш- Баян сұлу» күні қасиетті шаһарда ерекше форматта атап өтілуде. Осы мерекеге орай ұйымдастырылған «Neke tour» республикалық байқауы қоғамның ерекше қызығушылығын тудырды. Ел көлемінде алғаш рет ұйымдастырылған жобаға 345 жұп өтінім беріп, байқаудың маңыздылығын арттырды», – деген ол көпшілікті мерекемен құттықтады.

Түркістан қаласының бас имамы некелерін жаңа қиған жанұяларға отбасылық өмірдің жауапкершілігі туралы түсіндіріп өтті.

«Шаңырақ» номинациясы бойынша Шыңғыс Нұрғазы мен Асылтас Рахи жеңімпаз атанды. «Махаббат» номинациясын Тимур Шантиев пен Гүлсара Маженова, Бауыржан мен Айман Утаевтар, Нұрлан Тайғанов пен Жасмин Түменбаева, Алмат мен Ақнұр Кәден иеленді.

«Ару» номинациясына Бекзат Бейсенбаев пен Аян Ахметова, Дархан Қорғанбек пен Сандуғаш Төлеуова, Нұрперзент Нұрланов пен Жібек Бескепе, Қанат Шәкәрім мен Сағымбек Мереке ие болды.

Ал «Жанұя» номинациясы Елдос Дүйжанов пен Галина Серікбаева, Бақдәулет Шахатай мен Аделия Жолдыбай, Қайсар Түйінбеков пен Саяжан Иман, Жандос Сапарғали мен Акбота Ғазез, Саттар Шаймерден мен Нұргүл Берістенбекке, Бекболат Өтен мен Жазира Жүсіпке бұйырды.