Түркістанда онкологиялық аурулардың алдын алуға арналған орталық ашылды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында онкологиялық аурулардың алдын алуға арналған орталық ашылды. Облыстық клиникалық ауруханаға қарасты емханада науқастарға диагностика жасалып, медициналық оңалтуға бағытталған іс-шаралар жүргізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістанда онкологиялық аурулардың алдын алуға арналған  орталық ашылды

Жаңадан жасақталып құрылған емдеу мекемесі онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітімді төмендету мен ерте диагностиканы арттыру мақсатында ашылып отыр. Сондай-ақ, онкологиялық ауруларға скрининг жүргізуді жетілдіру жолымен 5 жылдық өміршеңдікті арттыру қолға алынбақ. Мұнда қатерлі ісікке шалдыққан науқастардың ыңғайлылығы үшін барлық жағдай жасалған. Орталықта электрондық кезек күту залы мен жеке тіркеу орны бар. Нақастарды түрлі бейіндегі жоғары санатты онколог дәрігерлер қабылдап, ем-дом жасай алады. Емдеу орнында консультациялық қабылдаудан басқа амбулаториялық жағдайда химия, гормон және таргеттік терапия жүргізілетін арнайы бөлмелер ашылған. Сондай-ақ маммологиялық ем қабылдауға да барлық жағдай жасалған. Сүт бездерінің пайда болуын биопсияның барлық түрлерін меңгерген сәулелі диагностикадағы жұмыс тәжірибесі мол білікті маммолог маман қабылдау жүргізеді. Ал, диагностикалық блоктарға қатысты Облыстық клиникалық аурухананың емханасы заманауи медициналық құрал- жабдықтармен толық қамтылған. Бұл дер кезінде және дәл диагностиканы жүргізуге мүмкіндік береді.

«Мұнда жақсы жабдықталған цитологиялық және морфологиялық, клиникалық және биохимиялық зертханалар бар. Онкомаркерлерді анықтауға арналған медициналық жабдықтар аурудың динамикасын бақылауға, жүргізілген емдеу әсерін бағалауға мүмкіндік береді»,- дейді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев.