Түркістанда «Ордабасы - бірліктің туы» анимациялық фильмінің таныстырылымы өтті

Айта кетейік, өткен жылы Ордабасы тауындағы үш ел Президенттерінің тарихи кездесуіне және «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорығын» құру туралы Елбасы Жарлығының шыққанына 25 жыл толған болатын. Осыған орай Түркістан облысы әкімдігі «Сақ» киностудиясына тапсырыс беріп, түсірілді.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында дайындалған анимациялық туындыда Ұлы даланы мекен еткен ұлы тұлғалар мен даналардың ерлігі мен адалдық, данышпандық қасиеттерін баяндалады. Сондай-ақ, ел қорғаған баhадүрлеріміздің ерліктері, елдің бірлігі суреттелген.
Асылжан есімді балақайдың елін, жерін қорғауға деген ұмтылысы арқылы тарихи оқиғаны жас ұрпақ санасына сіңіру көзделген. Оқиға желісінде қазақтың Төле, Қазыбек, Әйтеке билері бастап, Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай секілді батырлары қоштап, Ордабасыда үш жүздің басын қосып, шешуші айқаста жауды жеңген тұстары көрініс табады. Фильмнің режиссері Батырхан Дәуренбеков бүлдіршіндерді отаншылдыққа шақыратын мұндай туындылар алдағы уақытта да түсіріле беретінін жеткізді.
Жалпы Түркістан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бірқатар көркем және анимациялық фильмдер түсірілді. Облыс әкімдігінің қолдауымен «Сақ» киностудиясы «Күш атасы - Қажымұқан», «Отырарды қорғау», «Киелі Қазығұрт» анимациялық фильмдерін және «Көне жетігеннің сыры» телехикаясы мен «Ұлы Жібек Жолы бойындағы көне қалалар» деректі фильмін жұртшылық назарына ұсынған болатын. Сонымен бірге, «Оқсыз оқиғасы» анимациялық фильмі мен «Төле би» атты 10 сериялы кинохикаясы да жуық арада көрерменге жол тартады.