Түркістанда өтіп жатқан «Tartyl fest» фестиваліне 3 егіздер жұбы қатысты
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – «Tartyl Fest» турникке тартылу бойынша республикалық спорт фестивалі бүгін Түркістанда өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Іс-шараны Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев пен жоба амбассадоры, қоғам қайраткері, жаттықтырушы әрі актер Айтым Жақыпов ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Дара» дарындыларды қолдау қорының ұйымдастыруымен және Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен өтіп жатқан фестивальге 270-ке жуық адам қатысты. Олардың ішінде 3 егіздер жұбы бар: Хасан мен Хусан, Хусан мен Хасан және Нұрасыл мен Ерасыл.
Сондай-ақ, жасы 70-ті алқымдаған ақсақал Дадажан Каримов немересі Нұрсұлтанды арнайы ертіп келіпті. Қария 10 рет, немересі 5 рет турникке тартылып, көпшіліктің ықыласына бөленді.

«Біздің аулада спорттық құрылғылар қойылған. Күнделікті тартылып, бұқаралық спортпен шұғылданамыз. Бұл - біздің үйреншікті ісіміз. Көпшілікті спортпен айналысуға шақырамын. Іс-шараны ұйымдастырушыларға көп рахмет», - деді ақсақал.

















