Түркістанда ойын құрылғыларын жалға алған жігіт оларды ломбардқа өткізіп жіберген
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында жергілікті тұрғын кәсіпкерлерден ойын құрылғыларын жалға алып, ломбардқа өткізіп жіберген. Сөйтіп тапқан ақшаны өз пайдасына жаратып келгені анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшыларына бірнеше кәсіпкер арызданған. Олардың айтуынша, ойын құрылғылары мен техниканы жалға алған адам артынша жоғалып кеткен. Жәбірленушінің бірі күдіктінің екі ойын құрылғысын қайтармай, 400 мың теңге шығын келтіргенін жеткізген.
Түркістан қалалық ПБ жедел-тергеу тобы күдікті ретінде Шымкент қаласының тұрғынын ұстады. Оның бұрын да алаяқтық жасап, сотталғаны белгілі болған. Тергеу барысында ұсталған жігіттің адамдардың сеніміне кіру арқылы олардың ойын құрылғылары мен басқа да техникаларын алып, қайтармай жүргені расталған. Ол техникаларды ломбардқа өткізіп, ақшасын жұмсағанын айтқан.
«Полицейлер күдіктінің жалпы 9 алаяқ іске қатысы бар екенін анықтады. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы көлемі 4 миллионнан теңгеден асып кеткен. Қазіргі уақытта аталған жайт Қылмыстық кодектің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалы жүргізіліп жатыр. Күдікті қамауға алынып, полиция қызметкерлері ұсталған азаматтың басқа да алаяқтық деректеріне қатысы бар-жоғын тексеруде» делінген хабарламада.