Түркістанда пациенттер медбикелерді төл мерекесімен құттықтады
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістанда науқастар риясыз құрметке лайық жандар - медбикелерді төл мерекесімен құттықтады. Айтулы күні 25 жылдан астам жұмыс өтілі бар 120 орта буын қызметкеріне құрмет грамотасы табысталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
12 мамыр - Халықаралық мейірбикелер күні екенінен қарамастан өңірдегі ақ желекті абзал жандар карантин режимінде жұмыс істеуде.
Мәселен, Жетісай аудандық орталық ауруханасының медбикесі Баянсұлу Майлыбаева отбасын көрмегелі бір айдың жүзі болған. 30 жылын медицина саласына арнаған маман инфекциялық госпитальде тәулік бойы коронавируске шалдыққан науқастарды емдеуде. Қауіпті індетпен күресіп жүріп, мерекені ұмытып кеткенін де жасырмайды.
Айтуынша, бір науқастың болса да ауруын жеңуге үлесі тисе, бұдан асқан оған марапат жоқ. Ал, облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов әр медбикеге құттықтау тілегін жеткізді.
«Сіздер күні-түні науқастардың жанында жүріп, аурумен күресте олардың әрбір жеңісі мен жеңілісіне куәсіздер. Емделушілермен бірге күйзеліп, бірге қуанасыздар. Қызметтеріңіз ауыр әрі өте жауапты. Мерекелік іс-шараның реті келмегенімен сіздерге құттықтау тілегімді жолдаймын. Халық игілігі жолында жасап жатқан еңбектеріңізге сәттілік пен абырой, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін» делінген құттықтау хатта.
Айта кетейік, бүгінде өңірде 18 мыңнан астам орта буын медицина қызметкері бар. Оның 10 мыңға жуығы ауыл халқының денсаулығына жауапты. Емдеу шараларының елеулі үлесі дәл осы мамандардың еншісінде.

