Түркістанда пәтер ұрылары 1,5 млн теңгеден астам шығын келтірген

Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, түркістандық тұрғын полицияға пәтерін тонап кеткендігі туралы арыздандаған. Ол күндіз үйіне белгісіз біреулер терезе арқылы кіріп, ақша мен алтын бұйымдарын ұрлағанын жеткізген. Қылмысты ашу мақсатында тәжірибелі полиция қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылып, іздестіру шараларын жүргізген. Нәтижесінде екі күдікті ұсталған. Оның біреуі бұрын сотты болғаны анықталды. Тергеу барысында ұсталғандардың осындай 6 пәтер ұрлығын жасап, жәбірленушілерге бірнеше миллион теңге көлемінде шығын келтіргені анықталды. Қарақшылар алдымен, үйлердің есігін қағып немесе терезелерінен ішінде ешкім жоқ екеніне көз жеткізіп тұрған. Қолды еткен бағалы заттар мен алтын бұйымдарды сатып отырған, ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсаған.
«Қазіргі уақытта аталған жайттар бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, күдіктілер қамауға алынды. Полиция қызметкерлері ұсталғандардың Түркістан қаласының аумағында осындай басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтауда. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы көлемі 1,5 миллион теңгеден асқан. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігі «Ұрлық« бойынша СДТТБТ-ға тіркелді», - делінген хабарламада.