Түркістанда резидентураға түсуші үміткерлерге екінші мүмкіндік берілді
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістанда резидентураға түсуші үміткерлерге екінші мүмкіндік берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің резидентураға түсуші үміткерлері өткізілген емтиханға қатысты наразылық білдіріп, әлеуметтік желіге видео жариялады. Онда үміткерлер емтихан сұрақтары күрделі және олар резидентураға түсушілер деңгейіне сәйкес келмейтіндігін айтқан. Сондай-ақ, Ғылым және жоғары білім министрінен мәселені шешіп беруді сұраған.
Аталған жағдай бойынша Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне хабарласып, мән-жайды сұрап білдік.
«Арызданушы үміткерлердің «емтихан сұрақтары күрделі және олар резидентураға түсушілер деңгейіне сәйкес емес» деген пікірінің ешқандай негізі жоқ. Өйткені, барлық сұрақтар қорытынды мемлекеттік аттестация (ҚМА) тесттерін әзірлеу үшін бекітілген жалпы дәрігерлік тәжірибе спецификациясының талаптарына толық сәйкес келеді. Тест сұрақтарын білікті сарапшылар жинақтады. Соңғы үш жылда қабылдау емтихандарының сұрақтары төмендегі қағидат бойынша әзірленіп келеді. 70% - жалпы дәрігерлік практика бойынша және 30% - таңдалған резидентура бағдарламасының бағыты бойынша. Үміткерлерге факультет тарапынан жоғарыдағы қағидат туралы кімнің дұрыс емес мәлімет бергені анықталып, жауапкершілікке тартылатын болады» - делінген университеттің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.
Сондай-ақ, оқу орны тарапынан айтылған жауапта қабылдау емтихандары толығымен белгіленген талаптарға сай ұйымдастырылғаны көрсетілген. Емтихан өткізу тәртібі де қатаң бақылауда болған.
«Сайттағы жарияланған бағдарламалық сұрақтар жалпы үміткерлердің назарға алып дайындалуы үшін белгіленген, ол – тест сұрақтары емес. Тест сұрақтары алдын ала ешкімге таратылмайды және университет өз тарапынан ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін керекті шараларды ұйымдастырады» - деп көрсетілген.
Ал, жаңа платформаға көшу барысында техникалық қателік орын алып, уақыттың қысқаруына байланысты университет басшылығы үміткерлерге екінші мүмкіндік беруге шешім қабылдап отыр. Емтихан нәтижесі бойынша үміткерлер екі мүмкіндіктің ең жоғарғы ұпайын есепке ұсына алады.
«Резидентураға түсуші үміткерлердің емтихан уақытының жеткіліксіз болғаны туралы шағымын қарастырған кезде, университеттің УЕ-ХҚТУ-088-2022 «Жоғары білімнен кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша магистратура, резидентура, докторантураға оқуға қабылдау» ережесінің 7.10 тармағы сақталмағаны анықталды. Ережеге сәйкес емтихан уақыты 150 минут болып бекітілген, алайда жаңа платформаға көшу барысында техникалық қате орын алып, іс жүзінде емтихан 120 минут болған. Университет басшылығы орын алған техникалық қате үшін барлық үміткерлерден кешірім сұрай отырып, екінші мүмкіндік беруге шешім қабылдады. Емтихан нәтижесі бойынша екі мүмкіндіктің ең жоғарғысы есепке алынып, конкурсқа жіберіледі. Бұл мүмкіндікті қолдану үміткерлердің өз еркінде» - делінген ақпаратта.