Түркістанда Сұлтанбек Қожанов пен Саттар Ерубаевтың қолтаңбасы сақталған

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Қоғам қайраткерлері Сұлтанбек Қожанов пен Саттар Ерубаев Түркістан қаласындағы 3 сыныптық орыс түзем мектебінде білім алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан қаласында 3 сыныптық орыс түзем мектебі болған ғимарат бар. Қ.А.Ясауи кесенесінің қасында орналасқан тарихи нысан 1904 жылдары күйдірілген кірпіштен салыныпты. Содан 1989 жылға дейін 3 сыныптық орыс түзем мектебі ретінде жұмыс істеген. Кейіннен Саттар Ерубаев мемориалдық музейі болып ашылды. Ал, 1995 жылы әдеби-мәдени мұражай мәртебесіне ие болды. Мұнда Саттар Ерубаев пен қатар жергілікті қаламгерлердің әдеби мұралары жинақталған. Мәселен, Саттар отырған мектеп партасы төргі бөлмеге қойылған. Оның жақтауына қоғам қайраткерінің есімі өз қолымен жазылыпты. Одан бөлек, мұражайда жергілікті тұрғындар тарту еткен көне заттар мен қолөнер шеберлері жасаған бұйымдар бар.

Ал, алаш арысы Сұлтанбек Қожанов жайында мағлұматтар өте аз. Тек көше бетіндегі терезе жақтауының төменгі жағында оқушы қолымен қашап жазылған «Х. Су...н» деген жазу ғана сақталыпты. Жергілікті тұрғындар бұл 1910 жылы аталған мектепте білім алған Сұлтанбек Қожановтың қолтаңбасы деп біледі.

«Адамның қолтаңбасын зерттейтін криптография дейтін ғылым бар. Мұның анық-қанығын рәсімдеп беруді сол мамандардың еншісіне қалдырайық та, кішкентай болса да, осы бір жәдігерімізді Сұлтанбектің көзіндей көріп, келер ұрпаққа аманат етіп айтып жүрейік», - дейді композитор Бекжігіт Сердәлі.

Бұл қолтаңбаны ҚР Мәдениет қайраткері, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Нұрмахан Назаров тауыпты. Нысанның сыртына тазарту жұмыстары жүріп жатқан сәтте көріп қалған. Содан БАҚ арқылы мақалалалар жазып, құнды дүниемен көпшілікті таныстырған.

«Жалпы ғимарат мұнанда ұзын болатын. Түркістанның 1500 жылдық тойының қарсаңында жартысы бұзылып кетті. Кесекпен салынған тұсын алып тастап, күйдірілген қышпен қаланған жағы сақталып қалды. Бүгінде мемлекет қарауына көшкен архитектуралық ескерткіштер қатарына жатады» - дейді мұражай меңгерушісі Ақсүмбе Бостан.


Соңғы жаңалықтар