Түркістанда тігілген замануи шапандардың санаулы ғана данасы сатылымға шығады

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістанда тігілген замануи шапандардың санаулы ғана данасы сатылымға шығады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістанда тігілген замануи шапандардың санаулы ғана данасы сатылымға шығады

Түркістанда туризм саласындағы инвестициялық жобалардың таныстырылымы өтті. Іс-шарада туризм және қонақжайлылық саласының сарапшылары, жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері мен кәсіпкерлер Түркістан облысындағы бизнеске арналған мүмкіндіктер туралы айтты. Ал ұйымдастырушылар презентацияларды дайындау кезінде туристік бағыттарды анықтау, жер учаскелері мен инфрақұрылымның болуы, сондай-ақ ұсынылатын бағыттардың маркетингтік стратегиясын әзірлеу бойынша бірқатар талдау жұмыстарын жүргізді.

Презентацияда Түркістан айналасындағы тартымды 5 өсу нүктесі, шағын және орта бизнеске тиімді инвестициялық жобалар, қызмет көрсету және бөлшек сауда саласында қала үшін тиімді франшизалар таныстырылды.

Мәселен, Алматылық «Baiqazaq» фирмасы заманауи әрі қазақи шапан өндірісіне инвестиция салуды жоспарлап келіпті.

«Отандық өнім қазақы әрі заманауи стильде тігіледі. Бір адам сатып алып кисе, екінші адамнан кездестіре алмайды. Себебі, біздің шапандарымыздың бір түрінен тек 4 дана ғана шығарамыз. Міндетті түрде ою-өрнекпен әспеттейміз. Қазір Алматыда тігіп, сатылымға шығарудамыз. Негізгі тұтынушыларымыз - студенттер, жастар. Енді Түркістаннан өкілдік ашсақ деп ниеттеніп келдік. Мұнда туристер көп келеді. Отандық өнімді әлемге танытсақ деген жоспарымыз бар» - дейді «Baiqazaq» фирмасының өкілі Меруерт Жақсыбаева.

Ал, «VR Arena» компаниясының өкілдері «виртуальді саяхат» жобасын ұсынды. Жоба аясында арнайы көзәйнекті киіп, әлемнің көптеген еліне саяхат жасауға, түрлі ойындар ішіне кіріп ойнауға болады. Қазіргі кезде Астана, Павлодар, Семейде ашылған жоба 12 млн теңгені құрайды. Компания өкілдері Түркістанда жобаны жүзеге асыру үшін инвесторлар іздестіруде.

Іс-шарада кәсіпкерлер «Turkistan» арнайы экономикалық аймағының әлеуеті және несие беретін ұйымдардың мүмкіндіктерімен де танысты.