Түркістанда тілшілер арасында шағын футболдан республикалық турнир басталды
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Түркістан қаласында БАҚ өкілдері арасында шағын футболдан «Жаңарған Түркістан» атты республикалық турнир басталды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Түркістан облыстық Ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен өтіп жатқан жарысқа Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарының журналистерінен құралған 13 команда қатысуда.

Турнирдің ашылуында «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Шәмшиддин Пәттеев, Түркістан облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы Бейсенбай Тәжібаев спортшы қауымға сәттілік тілеп, әділ де қызықты ойын өтетініне сенім білдірді.

Алғашқы ойындардан-ақ сайыстың тартысты өтетіні байқалып қалды. Қаламы жүйрік журналистер доп додасына сақадай-сай дайындықпен келген.
Айта кетейік, футбол жарысына қызығушылық білдірген БАҚ өкілдері «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Түркістан облысының киелі орындарын аралап, көне Отырар қалашығының шежірелі тарихымен танысқан болатын. Сондай-ақ ірі кәсіпорындарда болып, Олимпиада жеңімпазы Бекзат Саттархановқа арналған бокстан халықаралық турнирдің ақтық мәресіне қатысты.

