Түркістанда туристер тамашалайтын қандай орындар бар

None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында туризм саласы жақсы дамып келеді. Ресми мәліметтерге сүйенсек, жыл басынан бері өңірге жалпы 500 мыңға жуық адам келген. Бұл көрсеткішті өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда қалаға келушілердің саны 104,0%-ға өскенін көреміз. Жалпы Түркістанда туристер тамашалайтын қандай аймақтар бар? Енді осы жағына тоқталайық.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі - Түркістанның бойтұмары

Қ.А.Ясауи кесенесі – өңірге туристердің тартатын негізгі нысанның бірі. Ортағасырлық сәулет өнері ескерткіші саналатын тархи ғимарат 1396-1399 жылдары Әмір Темірдің бұйрығымен Қожа Ахмет Ясауи қабірінің басына тұрғызылған. Ескерткіште күмбезді, аркалы элементтер көп. Жалпы 35 бөлме бар. Ғимараттың биіктігі 37,5 метр. Үш қабырғасының үстіңгі жағында көгілдір қышқа өрнектеліп Құран Кәрім сүрелері мен аяттары жазылған. Қоладан соғылып, алтын, күміс жалатылған есік тұтқалары мен алты шырағдан да сәулет өнерінің інжу-маржандарының қатарына жатады. 2003 жылы маусымда Парижде өткен ЮНЕСКО-ның 27-ші сессиясында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енгізілді.


Кесенеге кіру Қазақстан Республикасының азаматтарына 200 теңге, шетел азаматтарына 500 теңге. Ал, гидтердің қызметін қолданғыңыз келсе қосымша 3000 теңге төлейсіз.

Кесененің маңында шығыс моншасы және этно ауыл кешені және күлтөбе қалашығы орналасқан.


«Арыстан бабқа түне, Ясауиден тіле»

Түркістанға келген туристер міндетті түрде Отырар ауданында орналасқан Арыстан баб кесенесі кіріп, дұға етіп шығады. Себебі, Арыстан баб - Қожа Ахмет Яссауидің ұстазы. Сондықтан болар, «Арыстан бабқа түне, Ясауиден тіле!» деген ел ішінде де тәмсіл сақталып қалған.

Көне Отырар жеріндегі Арыстан баб кесенесі XI ғасырда өмір сүрген діни көріпкел Арыстан баб мазарының үстіне салынған. Кесененің құрылысы XIV-XV ғасырға жатады. Аумағында емдеу қасиеттері бар өте тұзды сулы құдық бар. Бүгінде Арыстан баб кесенесі мемлекеттік қорғауға алынған.


Ханның тағы

Түркістан қаласынан 40 шақырым жерде Хантағы жотасы бар. Аты айтып тұрғындай мұнда ханның тағына ұқсас тау орналасқан. Ел аузындағы аңыз әпсаналарға сүйенсек, елді билеген хан түсінде ажалының қарақұрттан келетінін көреді. Көріпкелдерде дәл осылай болжаған. Сол жылдары елде төрт түлікте қарақұрттың улы тісінен өлім құша бастайды. Өлімнен қатты қорыққан хан қарақұрттан қашып Қаратаудың биік жотасына қоныстанады. Жан жағындағы жасақтары да ханды аса сақтықпен «қарақұрт» атты тажалдан қорғай бастайды.


Осылай жаз өтеді, күздің күні суыра соққан жел үш күн, үш түн дамылсыз соғып, сақшылардың да есін шығарады. Сарайдан үш күн бойы шықпай қойған хан желдің басылғанын байқап, халықпен жүздесіп, өз тағына келеді. Асқа отырып, тамақтанып жатқанда жеміс толы ыдыс ішінен шыққан қарақұрт шынында да ханды шағып өлтіреді.

Содан бері бұл тау Қантағы, бертін келе Хантағы аталып кетсе керек. Қазіргі кезде Хантағы орналасқан аумақ қоршалған. Қаратау мемлекеттік табиғи қорығының қорғауына алынған.

Тау ішінде 10 мың адам сиятын үңгір бар

Ақмешіт үңгірі Бәйдібек ауданында орналасқан. Ұзындығы 254, ені 65, биіктігі 25 метр. Жарқабақ саңылауларынан мезгіл-мезгіл су тамып тұрады. Ішінен қарағанда ернеуі киіз үйдің шаңырағы секілді көрінеді. Ел арасында бір кездері онда бір әулие әулетімен киіз үй тігіп, сатымен шығып-түсіп жүрген деген де аңыз айтылады. Үңгірге перзент көрмеген кейбір ерлі-зайыптылар, ауру адамдар әлі күнге дейін түнеп, мінәжат етеді.


Жалпы Ақмешіт үңгірі туралы аңыз-әңгімелер өте көп. Солардың бірінде қалмаққа қарсы жорыққа шыққан қазақ жауынгерлері кенеттен нөсер жауының астында қалады. Он мыңнан астам сарбаз пана іздеп, осы үңгірге түседі де, таңғы намазға жығылыпты. Содан бері бұл тау ішіндегі үңгір Ақмешіт аталып кеткен.

Бертін келе үңгірдің ішінде үлкен үкі өмір сүрген. Оның төбеден түскен қиы төбешік болып үйіліп қалған. Сондай-ақ, сол маңдағы тұрғындардың айтуынша үңгір ішін үлкен ақ жылан мекендейтін көрінеді. Ол адамдардың көзіне көп көріне бермейді екен. Яғни, көпшілік үкі мен ақ жыланды үңгірдің киесі деп санайды.

1000 жылдық тұт ағашы

Түркістан облысындағы 1000 жылдық тұт ағашы Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында өсіп тұр. Ағаштың түбі қурап кеткенімен, төбесіндегі бұталары бүгінде жапырақ ашқан.

Жергілікті тұрғындар оны «Мәжарат тұт» деп атайды. Биіктігі 8-9 метр болатын ағашқа 6 адамның құшағы әзер жетеді.

«Жалпы, бұл ағаш туралы бірнеше аңыз-әпсана бар. Соның бірінде VІІІ ғасырда Ислам дінін Орта Азия елдеріне таратуға келген араб қолбасшысы Кутейба ибн Муслим отырғызғаны айтылады. Ал, екінші нұсқада Имам Бахли есімді діндар кісі жылқы байлау үшін жерге қаққан ағаш көгеріп, өсіп шыққан деген дерек бар. Ал, кей әпсаналарда Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахабалары осы маңнан өткенде бұлақ басына тіреп қойған аса таяғы қалып кеткен деседі», - дейді шырақшы Абдулатип Смайлов.


Қазір ағаштың түбірі қурап кетсе де, шыбықтары көгеріп, жапырақ ашып тұр. Ал, ортасы үшке бөлінген. Ауыр тартқан бөліктерін тұрғындар арнайы ағаштармен тіреп қойыпты. Соңғы кезде алып ағашты көру үшін еліміздің түкпір-түкпірінен арнайы келетіндер көбейген. Тіпті, шет елден келіп жатқандар да бар. Баршасы тұт ағашының басында құран оқып, тілек тілейді.

Абдулатип Смайловтың айтуынша, ауылда мұндай тарихи үш тұт ағашы болған. Екеуін ауыл балалары ойнап жүріп, өртеп жіберіпті. Ал, үшіншісін жергілікті тұрғындар қамқорлыққа алып, қоршап қойған. Арнайы құдық қазып, арық тартқан.

«Көптеген жыл бойы суарылмай қалды. Содан қурап кеткен болатын. Қазір су келіп тұр. Жиі-жиі суарамыз. Бүр жарып, көк ала бастағанын көріп, қуанып жүрміз. Бұл да бір жақсылықтың нышаны болар», - дейді ол.

«Керуен-сарай» кешеніне келушілер көп

Түркістан қаласында Орталық Азиядағы ең ірі «Керуен-сарай» көпфункционалды туристік кешені орналасқан. Инвестициялық жобаны «Turkistan Tourism City» компаниясы іске асырды. Кешен құрылысы 2019 жылы желтоқсан айында басталып, 2021 жылы пайдалануға берілді. Аумағы 20,5 гектар.


Кешен ішінде Жібек жолы дәуіріндегі саудагерлер мен қолөнершілер көшесі, «ұшатын театр», ат шоуын өткізуге арналған амфитеатр, шығыс базары, сауда сөрелері мен бутиктер, қонақ үйлер мен мейрамханалар, СПА және фитнес-орталық, кинотеатр, отбасылық ойын-сауық орталық бар. Барлық құрылымдар су арнасы арқылы байланыстырылған. Онда судағы «қайық шеруі» мен театрландырылған шоу өткізіліп тұрады.


«Керуен-сарай» кешені Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен кейін өңірге туристер мен инвестицияларды тартатын басты орталыққа айналып келеді.

Мұнда отбасылық ойын-сауық орталығы - 2500 теңге, Ұшатын театр - 6500 теңге, қайық турлары - 4000 теңгеден басталады, ал фонтан шоуы - тегін.


Түркістанда алтынмен апталған Тақсай ханшайымының көшірмесі сақтаулы тұр

Түркістан қаласында орналасқан «Ұлы Дала Елі» орталығында алтынмен апталған Тақсай ханшайымының көшірмесі сақталуы тұр.

Қазақстанда табылған 4 алтын адамның бірі саналатын құнды жәдігерді қала тұрғындары мен қонақтары «Ұлы Дала Елі» орталығынан тамашалай алады.

Ханшайымның басында тау ешкісі бейнеленген алтын бас киім бар. Мойнына екі салпыншақты шекелік және тұтас құйылған гривна тағылған. Ал киімнің кеуде тұсына төртбұрышты, сопақша пішінді барақ ит, қойдың басы бейнеленген алтын жапсырмалы әшекейлер мен дөңгелек пішінді алтын моншақтар тігілген. Киімнің жеңдеріне де алтын қалыптағы қасқырдың азу тістері бейнесіндегі алтын салпыншақ тігілген.

Ал білектеріне қиял-ғажайып жануар, яғни мүйізді мысықтұқымдас жыртқыштың бұзаумен айқасы бейнеленіп, алтыннан құйып жасалған екі білезік тағылған.


«2012 жылы археологиялық қазба жұмысы кезінде Батыс Қазақстан облысы аумағынан б.з.д. ІV-VІ ғасырға тән ежелгі сармат кезеңіне жататын бекзат әйелдің қабірі табылған болатын. Ғалымдар оны қазба табылған жердің атымен «Тақсай ханшайымы» атап кетті. Аса бай алтын бұйымдармен көмкерілген сармат ханшайымының салтанатты түр-тұлғасын белгілі реставратор Қырым Алтынбеков қалпына келтіріп, елордадағы Ұлттық музей мен Орал облыстық тарихи-өлкетану музейіне сыйға тартқан болатын. Кейін көшірмесі Түркістан қаласына тарту етілді»,-дейді «Ұлы Дала Елі» орталығының ғылыми қызметкері Айман Мирзабекова.

Бүгінде Түркістан қаласында ерекше сәулеттік үлгілермен салынған «Визит» орталығы, «Фараб» кітапханасы, «Түркістан» темір жол вокзалы, «Конгресс Холл», «Опера және балет» театры, «Turkistan Arena» стадионы, «Неке» сарайы жұмыс істеп тұр. Музейден тың жәдігерлермен танысып, мәдениет үйлерінде әлемдік және жергілікті өнер майталмандарының концерттерін тамашалауға мүмкіндік көп. Ал, кітапханадан сирек кездесетін құнды кітаптарды таба аласыз. «KARAVANSARAY» «Turkistan Hotel», «Boutique Hotel Silk Way», «Ramada by Wyndham Turkistan», «Hampton by Hilton Turkistan», «Rixos Turkistan» қонақ үйлері қонақтарды қабылдауға әзір.


Түркістанда туризм 4 бағытта дамып жатыр

Жалпы, Түркістан облысында туризм саласы бүгінде 4 бағыт бойынша дамып келеді. Атап айтар болсақ, тарихи-мәдени туризмі, экологиялық туризм және емдік-сауықтыру туризмі.

«Өңір тарихи және мәдени мұраға бай. Облыс аумағында 1789 тарихи -мәдениет ескерткіш орналасқан. Сондай-ақ, мәдени-тарихи туризм облыстың туристік қызмет саласының басты драйвері болып табылады. Мәселен, Қ.А.Ясауи мен Арыстанбаб кесенесіне 2022 жылы 1,2 млн-нан астам келуші келген» - дейді Түркістан облысының мәдениет және туризм басқармасының бөлім басшысы Нұрдәулет Медеуов.

Ал, экологиялық туризм – өңірдегі негізі басым бағытқа айналып келеді.


Облыс аумағында 4 ерекше қорғалатын табиғи нысан бар. Олар - ЮНЕСКО биосфералық нысандарының тізіліміне енгізілген «Ақсу-Жабағылы» және «Қаратау» қорықтары, сондай-ақ «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркі мен «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркі.

Өткен жылы облыс аумағында орналасқан ерекше қорғалатын табиғи объектілерге келушілер саны 80 000 жуық адамды құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 171,8%-ға артқан. Ал, биылғы жылдың 5 айының қорытындысымен ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға 40 000 астам адам келген.

Одан бөлек, Түркістан облысы таулы және тау бөктерінде орналасқан алуантүрлі табиғи нысандарымен ерекшеленеді. Мұнда қайталанбас табиғатымен туристерді қызықтыратын Қазығұрт тауы, Ақбура бұлағы, Қырық Шілтен жырасы, «Жылақата» әулие, Машат шатқалы, «Жылаған ата», «Қырық қыз» секілді аңызға негізделген әсем мекендер көп.


«Түркістан облысы республиканың сауықтыру туризмі дамыған өңірлерінің бірі болып табылады» - дейді Нұрдәулет Медеуов.

Қазіргі таңда облыс аумағында 72 емдеу-сауықтыру орны жұмыс істейді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыс аумағындағы емдеу-сауықтыру орындарында 142,4 мың адамға қызмет көрсетілген.

Жалпы Түркістан облысындағы емдеу-сауықтыру туризмі әлеуетінің басым бөлігі Сарыағаш ауданы Көктерек ауылында орналасқан.


«Туризм саласы Түркістан облысы экономикасындағы келешегі зор салалардың біріне айналуда. Облыс - Орта Азия мен Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің тоғысында орналасқан. Түркістан облысының аумағы арқылы маңызды темір жол магистральдары өтеді. «Батыс Қытай- Батыс Еуропа» автобаныда өңірдегі 5 аудан – қаласының аймағында орналасқан. Ұлы Жібек жолы заманындағыдай Түркістан облысы халықаралық тауарлар жолы мен болашақта туристердің жолы түйіскен аумақта айналады» - дейді Нұрдәулет Медеуов.




Соңғы жаңалықтар
telegram