Түркістанда түркі әлемі театрларының халықаралық фестивалі басталды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Түркістанда Қазақтың тұңғыш режиссері Жұмат Шаниннің 125 жылдығына арналған «Театр көктемі-2017» халықаралық фестивалінің ашылу салтанаты өтті.
Түркі әлемі өнер ұжымдарының басын қосқан шараға Оңтүстік Қазақстан облысының 6 театры мен Астана қаласының Жастар театры, Павлодар облысы және Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің сахна саңлақтары қатысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Түркі елдері үшін маңызды саналатын шараны Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка драма театры Жұмат Шаниннің «Арқалық батыр» тарихи драмасымен ашты. Ал, Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театры Г.Хугаевтың«Қара шекпен» әпсанасын сахналады. ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы мен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі және облыстық мәдениет басқармасы ұйымдастырған шара түркітілдес ұлттар арасындағы бауырластық байланыстар мен достықты нығайтып, түркілік мәдениет пен өнерді ұрпақтан ұрпаққа жеткізу мақсатында өткізіліп отыр. Сондай-ақ кәсіби театрлардың өнерін насихаттап, түркі әлемі театрларының басшылары кеңесінің мәжілісін өткізуге, бір-бірімен іс-тәжірибе алмасу және тығыз қарым-қатынаста болуына ықпал ететін болады.
Айта кетейік, театрлар байқауы 21 сәуірге дейін облыстық театр сахналарында қойылып, жеңімпаздар анықталатын болады. Халықаралық шараның жабылу салтанаты Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында өтеді деп күтілуде.