Түркістанда түркі әлемінің ақпарат кеңістігіне арналған халықаралық медиафорум өтуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысында «Түркістан - Түркі әлемінің мәдени астанасы» аясында «Түркі әлемі және ақпараттық кеңістік» атты тақырыпта халықаралық медиафорум өз жұмысын бастады. Жиынға Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстан және Башқұртстан елдерінің ірі бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары келіп отыр. Олардың арасында «Анадолы» агенттігінің, NTV, «TRT Avaz», «Атаюрт», «ҚазАқпарат» ХАА, Қазақ радиосы секілді түркітілдес мемлекеттердің ірі БАҚ өкілдері де бар, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА. 
None
None

Тоқтала кететін жайт, Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру»  атты бағдарламалық мақаласында Қазақстанның киелі жерлер географиясы туралы айтылған болатын. Осыған байланысты ұйымдастырушылар форумды Елбасының мақаласындағы осы мәселемен де ұштастырып, бауырлас елдерден келген азаматтарды оңтүстіктің киелі, тарихи жерлерімен таныстыруды ниет еткен. Жиынның алғашқы күнінде медиафорумға қатысушылар Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам, Отырар, Арыстан Баб, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі секілді бірқатар киелі жерлерді аралады.

Ертең медиафорум өз жұмысын Түркістан қаласында жалғастыратын болады. Шараны Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі Халықаралық Түркі академиясымен бірлесіп өткізуде.

Еске сала кетейік, 2017 жыл «Түркістан - Түркі әлемінің мәдени астанасы» ретінде жарияланған болатын. Ал түркі әлемінің мәдени астаналары аясында түркі әлемінің ортақ ақпараттық кеңістігін қалыптастыру мәселесі де ұдайы көтеріліп келеді. Бұл жоба түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығын нығайтып, халықтарды жақындастырып, ортақ мәдениет пен өркениет қалыптастыруға ықпалын тигізері сөзсіз. 

Соңғы жаңалықтар