Түркістанда «Ұлттық домбыра» күні аталып өтті

 ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің» ұйымдастыруымен Елордамыз Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы және Ұлттық домбыра күні мерекесіне орай «Ұлы Дала шежіресі -домбыра» атты лекция - концерт өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Мәдени шараға елімізге белгілі айтыскер ақындар мен домбырашы өнерпаздар, ұлттық-мәдени орталық жетекшілері мен зиялы қауым және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.

Айта кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылдан бастап әр шілденің алғашқы жексенбісін «Ұлттық домбыра» күні деп жариялаған болатын. Елбасы Жарлығында айтылған мәселе - ұлттық дәстүр мен өнерді жаңғыртып, дәріптеуге жол салады. Жиын барысында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов шараға келген барша қонақтарды «Ұлттық домбыра» күнімен құттықтап, ұлттық өнерді жалғастыру мен қасиетті домбыраны серік еткен өнерпаздарға тілегін білдірді. Ал, музейдің бас редакторы домбыра туралы баяндама оқып, ұлттық аспаптың ерекшеліктері мен шығу тарихына тоқталды.

Домбырашылар басқосуында Түркістан қалалық «Өнер» мектебінің жас өнерпаздары «Домбыраның шаттық үні» және «Ерке сылқым» күйлерін орындады. Сондай-ақ «Алыстан қызыл көрінсе», «Өлшеулі өмір», «Жақсы мен жаман» термелерін және «Өзім туралы» атты толғауларын шырқап, көпшіліктің қошеметіне бөленді.

Бұдан бөлек, Кентау қаласының Құрметті азаматы, Композиторлар Одағының мүшесі Әлімбек Қонысбеков «Қаратау шертпесі», «Салтанат» және «Өттің дәурен» күйлерін шертті.

Түркістан қалалық «Яссы» халықтық-фольклорлық ансамблі «Бозінген», «Ата толғауы», «Адай», «Бақтыбайдың әуені» сияқты күйлерімен көпшілікке ерекше әсер қалдырды.

Халықтың сұрауы бойынша «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің басшысы да Құрманғазының «Балбырауын» күйін орындап, қонақтардың айрықша ықыласына бөленді.

Шара соңында барша өнерпаздарға музейдің баспа өнімдері сыйға тартылды.

Соңғы жаңалықтар