Түркістанда «Ұлы дала елі» орталығының құрылысы 2020 жылы аяқталады
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістанда 2020 жылы «Ұлы дала елі» орталығы іске қосылады. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Түркістан қаласы үшін 2019 жыл Жастар жылы ғана емес, құрылыс жылының қызған шағы. Алып құрылыс алаңына айналған облыс орталығында еліміздегі ірі құрылыс компаниялары киелі шаһарды түлету жолында күндіз-түні тер төгуде. Соның бірі - «BI Construction turkestan» компаниясы. Мердігер мекеме биылғы жылдың сәуір айынан бастап «Ұлы дала елі» орталығының құрылысын жүргізуде. Нысан келесі жылы тапсырылады. Нақтырақ айтсақ, Атырау облысы әкімдігінің сыйы - 2020 жылдың қыркүйек айында аяқталуы тиіс», - делінген әкімдік ақпаратында.
Жоба жетекшісі Айгуль Бапишеваның айтуынша, 0,8 га жерде бой көтеріп жатқан орталықтың аумағы 6200 шаршы метрді құрайды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жоспарға сай жүріп жатыр.