Түркістанда ұялы телефондар ұрлады деген күдікпен ерлі-зайыптылар ұсталды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Түркістанда ұялы телефондарды ұрлаумен айналысты деген күдікпен ерлі-зайыптылар ұсталды. Тергеу барысында олардың заңсыз әрекеттерін негізінен орталық базарда жүзеге асырып келгендігі анықталды. Бұл туралы қаланың прокуроры Руслан Әбдірайымов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қала прокурорының сөзінше, 26 жастағы ерлі-зайыптылардың өздерінің жымысқы әрекеттерін жүзеге асыруда әрқайсысының өзінің рөлі болған.
«Күні кеше Түркістан ҚІІБ-ның қызметкерлері ерлі-зайыпты 26 жастағы екі азаматты құрықтады. Олар Түркістан қаласы, Тәукеxан көшесінің бойындағы «Қуаныш» базары, «Керуен сарай» және «Алтын Орда» аумағындағы сауда орындарына барып, ұрлықпен айналысқан деген мәлімет бар. белгілі болғанындай, ұрылардың бірі тұрғындардың назарын өзге жаққа аударып, алдап тұрғанда, екіншісі ұялы телефондарды жымқырып, оқиға орнынан бой тасалап отырған. Бүгінгі таңда ерлі-зайыптылардың 9 қылмысы анықталды. Ұсталғандардың 35 мыңнан 100 мыңның арасындағы, барлығы 700 мың теңгеге жуық телефонды ұрлағаны, сотқа дейінгі тергеп-тексеру қорытындысымен бекітілді»,- дейді Руслан Әлжанұлы.
Қазіргі таңда ерлі-зайыптылардың үстінен Қылмыстық кодекстің 188 бабы, 2 бөлігі бойынша («Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен бірнеше рет ұрлық жасау») іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Егер сот отырысы кезінде олардың қылмысы дәлелденсе, бұл баппен мүліктері тәркіленіп, 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.