Түркістанда үздік журналистерге ТҮРКСОЙ-дың «Баспасөз сыйлығы» тапсырылды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістанда ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының «Баспасөз сыйлығы» шетелдік және қазақстандық 15 үздік журналиске тапсырылды. Салтанатты жиында Түркітілдес мемлекеттердің әлем халқын бірлікке, достыққа, бейбітшілікке шақыруға арнаған үндеуі қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Түркістанда үздік журналистерге ТҮРКСОЙ-дың «Баспасөз сыйлығы» тапсырылды

Мереке барысы сондай-ақ әлемдік деңгейдегі концерттік бағдарламаға ұласты. Онда 500-ге жуық биші «Күн мен Түннің теңелуі және Табиғаттың оянуы» театрландырылған сазды-хореографиялық қойылымын көрсетті

Түркітілдес халықтарға ортақ ұлы тұлғалар - Арыстан баб, Ясауи, Әл-Фараби, Қорқыт ата образдарындағы көрініс сахналанса, Қазақ хандары киелі шаңырақты көтеріп, ондағы уықтарды өңіріміздегі 20 этномәдени орталықтың өкілдері ұстауымен бейбіт еліміздегі тұрақтылық пен татулықты паш етті.

Концерттік бағдарлама барысында «Сүйінші. Шашу» көрінісі қойылды. Онда Ұлттық киімдегі аттылы жаршылар «Наурыз» келгені жөнінде сүйінші сұрап, шашу шашты. Алаңда Түркітілдес мемлекеттерге арналған 6 киіз үй көтеріліп, Түркітілдес мемлекеттердің «Наурыз» керуені келді. Керуенде 18 түйе, 30  ат, 4 арба және Түркітілдес мемлекеттерден келген 300-ге жуық мәдениет майталмандары өнер көрсетті.

«Түркістан - Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының аясында, Наурыз мерекесіне орай, Түркістан қаласында Түркі әлемінің «Наурыз» Халықаралық ақындар айтысы мен «Бұраң бел» би фестивалі өтеді.

Бүгінгі шараны насихаттауға Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия Башқұртстан, Татарстан, Солтүстік Кипр Республикасынан бас-аяғы 30 шақты тілшілер келді.