Түркістанда жарты жылда 324 адам мемлекеттен несие алып, бизнес бастаған

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында 300-ден астам кәсіпкерге несие берілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түркістанда жарты жылда 324 адам мемлекеттен несие алып, бизнес бастаған

«Жалпы, осынау жұмыстарға биылға 3,282 млрд теңге қаралып, несие беру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2018 жылдың І жарты жылдығында атқарылған жұмыстардың ішінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 260 адамға несие берілсе (1 122,5 мың теңге), мұндағы 184 кәсіпкер мал шаруашылығымен айналысады. 6 пайыздық үстемемен 7 жылға берілген өзге де кредиттер жылыжай, жиһаз өндірісі және шаштараз кәсібіне бұйырды» делінген хабарламада.

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасын іске асырудың екінші тармағы бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 64 адамға (201 652 мың теңге) 6 пайызбен 7 жылға несие рәсімделген. Оның 63-і - мал шаруашылығына қатысты бизнес болса, 1-еуі - жылыжай саласына тиесілі.

Одан бөлек, нәтижелі жұмыспен қамту, жаппай кәсіпкерлікті және кооперативтерді дамытуға республикалық бюджеттен қосымша 3 млрд теңгеге өтінім беріліп, оның 1,8 млрд теңгесі қолдау тапқан.