Түркістанда жасөспірімдер арасындағы самбодан еліміздің ашық біріншілігі өтті
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Түркістанда жасөспірімдер арасында самбодан Қазақстан Республикасының ашық турнирі ұйымдастырылды. Дүбірлі додаға еліміздің барлық облысынан 2001-2002 жылғы туған 308 жас балуан қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Жарыста облыстың барлық ауданы мен Астана, Алматы қалаларынан келген 17-18 жастағы жасөспірімдер сынға түсті. Екі күнге созылған байрақты бәсеке тартысты өрбіді. Халықаралық самбо ережесіне сай бозкілемдегі белдесулер 3 кілемде өтті. Балуандар 10 салмақ дәрежесінде сайысып, кіл мықтылар анықталды. Енді жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұлттық құрама сапына алынып, алда Мәскеуде өтетін халықаралық чемпионатта да ел намысын қорғайтын болады.