Түркістанда жол ережесін сақтамайтын трактор жүргізушілері көп
Түркістанда жол ережелерін сақтамайтын трактор жүргізушілері көп, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Түркістан облысында трактор жүргізушілері 3 тәулікте 200 – ден астам жол жүру ережелерін бұзған. Оның ішінде техникалық байқаудан өтпегені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 9-бөлігімен 61 трактор жүргізушісі жауапқа тартылса, тиісті рұқсатсыз қайта жабдықталған көлік құралын басқарған 8 тракторшыға әкімшілік шара көрілді. Ал, құжатсыз трактор айдаған 46 адамға хаттама толтырылды.
Сондай-ақ, көлiк құралын басқару кезiнде телефонды немесе радиостанцияны пайдаланған 23 жүргізші анықталды. Жол жүрісі қағидаларының жүру, қайта ауыстыру, бұрылу, кері бұрылу немесе тоқтау алдындағы сигнал беру талабын орындамаған 15 құқық бұзушылық орын алды. Жол жүрісіне қатысушының авариялық жағдай туғызуға әкеп соғатын жол жүрісі қағидаларын 1 адам бұзған.
«Тәртіп сақшылары күзгі терім науқаны қарсаңында тракторлардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында іс-шара жүргізді. Нәтижесінде 46 трактор айыптұраққа қойылды. Учаскелік полиция инспекторлары мен патрульдік полиция тобының қызмет инспекторлары 90-ға жуық трактор тіркемелеріне жарыққа шағылыс беретін арнайы белгілерін орнатты. Жүргізушілерге түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, 270-тен астам арнайы буклеттер таратты» - делінген Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.