Түркістандағы газ жарылысына баллоның ақаулығы себеп болған - ТЖД

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан қаласында тұрғын үйде болған газ жарылысына баллоның ақаулығы себеп болған. Бұл туралы Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістандағы газ жарылысына баллоның ақаулығы себеп болған - ТЖД

«21 наурыз күні сағат 19:40 шамасында Түркістан қаласы Қазыбек би көшесіндегі №231 жеке тұрғын үйде 25 литрлік газ баллоны редукторының ақаулығынан газды-ауа қоспасы жарылып, үй заттары мен жиһазы жанған және өрт үйдің шатырына өткен. Өрт сағат 20:39-да толық сөндірілді. Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 20 қызметкер мен 5 техника жұмылдырылды», - делінген Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Еске салсақ, газ желісін өз бетінше қосып алған түркістандықтың үйінде жарылыс болған еді. Оқиға салдарынан бір отбасының 4 мүшесі күйік жарақатымен ауруханаға жеткізілген.

Үй иесі – 1993 жылғы азаматтың жағдайы ауыр, ал оның 2 жасар баласының денесін 34%, 4 жасар баласының денесін 35%, 5 жасар баласының денесін 38% күйік шалған. Барлығы да ауыр халде. Қазір ауруханада ем қабылдап жатыр.