Түркістандағы көрмеге Елбасы сыйға тартқан Құран кітаптары қойылды
Шара ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай ұйымдастырылды.
Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Днепродзержинск техникалық училищесінде бірге оқыған курстасы Әсетулла Кәрімов пен Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, Елбасытанушы Сейдолла Садықов, облыстық мәслихат депутаттары мен қалалалық ардагерлер кеңесі және ақсақалдар алқасының төрағалары қатысты.
Тарихи танымға толы көрмеде "Əзірет Сұлтан" қорық-музейі қорынан 100-ге жуық құнды дүниелер көпшілік назарына ұсынылды. Олардың арасында Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы болып тұрған тұстағы, сондай-ақ егеменді, тәуелсіз Қазақстанның Президенті етіп сайланған кездегі фотосуреттері бар. Сонымен қатар бірқатар бауырлас мемлекеттер басшыларының Түркістандағы ресми кеңестері кезінде түсірілген суреттер қойылған. Бұдан бөлек, Елбасының мұражайға сыйға тартқан Құран кітаптары мен қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілдерінде жарық көрген «Ғасырлар тоғысында», «Тарих толқынында», «Сындарлы он жыл», «Қазақстан жолы», «Казахстанский путь», «Бейбітшілік кіндігі», «Туған елім - тірегім», «Евразийский Союз идеи, практика и перспективы», «Kutup Yildizi», «Nursultan Nazarbayev» атты туындыларын көруге болады.