Түркістандағы өзбек этномәдени бірлестігі Мақтарал тұрғындарына 10 млн теңгеге көмек көрсетті

Өңірдегі белгілі кәсіпкер, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Бахадыр Ирисметов басқаратын Түркістан қалалық өзбек этномәдени бірлестігі мақтаралдықтарға 9 млн 862 мың теңгенің көмек керуенін жөнелтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Гуманитарлық көмектің ішінде азық-түліктер мен киім-кешектер, тұрмысқа қажетті гигиеналық заттар мен жиһаздар бар. Аталған қоғамдық бірлестік Мақтаарал ауданында төтенше жағдай жариялана салысымен жедел штаб құрып, эвакуацияланған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету үшін керек-жарақтың бәрін күнделікті жинай бастаған.
«Мақтааралдағы су тасқыны Мырзашөл жұртының ғана қайғысы емес, бүкіл халықтың қайғысы. Осындай қиын сәтте барша халық Мақтаарал тұрғындарымен бірге екендіктерін көрсетіп, қолдан келген жәрдемін беріп жатыр. Түркістан қалалық этномәдени бірлестік өкілдері де күн-түн демей осы елдің тез еңсе тіктеуіне тілеулес болып отыр. Қазір эвакуациялық орталықтарда орналасқан азаматтардың сұранысы азық-түлік емес киім-кешек, көрпе-төсек пен гигиеналық заттар. Осы жайтты ескеріп, осы қажетті заттарды әкелуді жөн көрдік. Біз жеңбейтін қиындық жоқ»,- дейді Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Бахадыр Ирисметов.
Түркістандық этномәдени бірлестік өкілдері жөнелткен көмек керуеніндегі жүк бүгін облыстық штабтың қоймасына түсірілді. Жұрт аманатын аман-есен жеткізіп берген бірлестік жетекшілері мұндай қайырымдылық шаралары алдағы уақытта да жалғасатынын айтады.