Түркістандағы саябақтарға жасанды аралдар мен тоғандар салынуда

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістанда туристер тамашалайтын нысандар көбеюде. Қазіргі таңда қалада 11 киелі нысан мен мұражай, 6 рухани-мәдени орталық, 4 туроператор келушілерге өз қызметін ұсынуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістандағы саябақтарға жасанды аралдар мен тоғандар салынуда

- Биылғы жылы 40 мың шаршы метр сауда алаңы бар «Керуен-сарай» кешені іске қосылды. 510 орындық драма театр жұмысын бастап, алғашқы спектакльдерімен көрермендерін қуантуда. Халықаралық әуежай пайдалануға берілді. Бұл нысандар қала туризмін дамытуға елеулі серпін берді. Қолға алынған бұл бастамалар, жалпы туризмді дамыту жұмысының қарқынды дамуына әсер етуде. Нәтижесінде биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Түркістан қаласына келуші зияратшылар мен туристер саны 1 124 503-ға жетті, – деді Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков.

Түркістан қаласында бүгінде 400 гектар жерге орналасқан 11 саябақ, 5 жасыл аймақ, 25 аллея мен гүлзар бар. Әр саябақ креативті әрі ерекше, қайталанбас үлгіде салынуда. Мәселен, жалпы аумағы 38 гектарды құрайтын «Тұңғыш Президент саябағында» сыйымдылығы 100 текше метр болатын жасанды арал пайда болды. 10 мыңға жуық ағаш отырғызылып, жолдар төселді. Саттарханов көшесінің бойындағы «Желілік» саябақтың да жер көлемі 20 гектардан асады. Онда 5 мыңға жуық ағаш, 25 мыңға жуық жасыл бұта егіліп, жасанды тоған орнатылған. Мыңнан астам шаммен жарықтандырылып, субұрқақ, орындықтар, 2 мыңнан астам кіші архитектуралық форма қойылды.