Түркістандағы тарихи қазба жұмыстарына жастар тартылмақ

Жуырда ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылды "Жастар жылы" деп жариялағаны белгілі. Бүгінде еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты Күлтөбе қалашығы маңайында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде.
«Ауданның 20-ға жуық жастарын киелі Түркістан қаласындағы археологиялық қазба жұмыстарына алып келдік. Алдағы уақытта да бұл орталықпен тығыз қарым-қатынас орната отырып, жас мамандар қажет болып жатса қамтамасыз етуге күш салатын боламыз. Ауданда қазір жұмыссыз жастар тізімі даярлануда. Түркістанды түлетуге қолдау білдіре отырып, тиісінше басқа да салаларға қажетті жастарды түгелдей жіберуге атсалысамыз»,-деді Отырар аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Дәурен Ақсақалов.
Бүгінгі таңда, Күлтөбеде қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан 80-нен аса археологтың басым бөлігін жастар құрайды.
«Отырар мен Түркістан бір-біріне жақын, әрі тарихы да тығыз байланысты. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи шешімі Жастар жылымен ұштасуы да айтулы жағдай. Біз Отырар ауданының жастары тарихи жұмыстарға өзіміз белсене кірісіп, еңбегіміз арқылы қолдау білдіретінімізге қуаныштымыз. Көне қалаларды анықтау үшін ұқыпты, әрі зейінді болу басты орында.Жұмыс өте қызықты екен»,-дейді отырарлық жас археолог Әли Сералиев.
Алдағы уақытта аудандағы жастардың еңбекке қабілеттілігі ескеріле отырып, Түркістандағы қарқынды жұмысқа қажетінше жұмылдырылмақ.