Түркістандық 13 оқушы «Елбасы медалімен» марапатталды
Жоба аясында қатысушылар спорттағы дайындығын жетілдірәп, ұлттық мұраны зерттеген. Әлемдік және қазақ әдебиетінің шығармаларымен танысып, еңбек практикасынан өткен.
Сондай-ақ, елдің әр түкпіріне барып, Қазақстан тарихына үңілді және волонтерлік қызметте де белсенділік танытқан. Жарты жыл көлемінде өздерінің табандылығын танытып, шығармашылығын шыңдаған. Жан-жақты ізденген жеңімпаз шәкірттер нәтижесін көрсетіп, оқ бойы оза шапты.
Олардың қатарында Некрасов атындағы №9, Ататүрік атындағы №17, М.Жұмабаев атындағы №15 мектеп-гимназияларының, Ж.Тәшенов атындағы №23 ІТ мектеп-лицейінің, Ж.Жабаев атындағы №11, Б.Момышұлы атындағы №22, Н.Төреқұлов атындағы №8 және Ә.Науаи атындағы №13 жалпы орта мектептерінің оқушылары бар. Қала әкімі Рашид Аюпов Нұрсұлтан Назарбаев қорының қолдауымен «Елбасы Академиясы» корпоративтік қоры іске асырған «Ел үміті» жобасының жеңімпаздарын медаль, төсбелгі және алғыс хатпен марапаттады.
Айта кетейік, айтулы жоба өткен жылдың шілде айында даму бағдарламасын көздеген 7 бағыт бойынша бастау алған еді. Олар спорт, дарын мен дағды, кітап оқу, ұлттық мұра, еріктілік, саяхат пен жорықтар, еңбек тәжірибесі. Қатысушылар үш деңгейді таңдап, әр бағыт бойынша белгілі бір қызметті орындауды көздеді.