Түркістандық дәрігерлер өзбекстандық әріптестерімен меморандум жасады

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев Өзбекстанның ірі медициналық мекемелерінің директорларымен меморандумға қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Түркістандық дәрігерлер өзбекстандық әріптестерімен меморандум жасады

«Басқарма басшысы көршілес мемлекетке жасаған жұмыс сапары барысында Ташкент қаласының Эндокринология республикалық мамандандырылған ғылыми-практикалық медициналық орталығының директоры, профессор Анвар Әлімовпен және Республикалық мамандандырылған педиатрия ғылыми-тәжірибелік медициналық орталығының директоры Дилором Ахмедовамен кездесті», делінген хабарламада.

Екіжақты меморандум аясында екі елдегі медициналық мекемелерді жаңғырту, телемедицина саласындағы ынтымақтастық бойынша жобаларды жүзеге асыру, бірлескен ғылыми-практикалық семинарлар мен конференциялар ұйымдастыру мәселелері келісілді. Сондай-ақ, аталған құжат көлемінде өзара кәсіби біліктілігін арттырып, ақпаратпен және тәжірибемен алмасады. Жаңа технологиялар мен жаңа медициналық жабдықтарды әзірлеу саласында да өзара біліктілігін жетілдіреді деп күтілуде.

Өзбекстандағы Эндокринология республикалық мамандандырылған ғылыми-практикалық медициналық орталығы - бұл аталған елдің ең үздік медициналық мекемелерінің бірі. Бұл орталық қазіргі заманғы емдеу-диагностикалық, ғылыми-зерттеу және эндокринологиялық бейіндегі педагогикалық кешен болып есептеледі.

Эндокринология орталығының басым міндеттерінің бірі - йод тапшылығы жағдайын жою, қант диабетін диагностикалау мен емдеуге заманауи көзқарас, қалқанша безінің патологиясын емдеу жөніндегі іс-шаралар, оның ішінде қалқанша безінің сараланған обырының түрлі түрлерін қоса алғанда, жедел құралдар мен нуклеарлық медицина әдістерін қамтиды.

Орталық директоры Диллор Ахмедова - 300-ден астам ғылыми басылымның авторы, дәрігер-педиатр, ғалым, Денсаулық сақтау және халықтық білім беру ісінің үздігі.

Орталық балаларға мамандандырылған көмек көрсету, педиатрия саласында ғылыми зерттеулер жүргізу, 13 өңірлік көп бейінді балалар медициналық орталықтарының қызметін үйлестіру және мониторингілеу, ел өңірлерінде шефтік және консультациялық көмек көрсету жолымен оны көрсетудің барлық деңгейлерінде балаларға медициналық көмектің сапасын арттыру бойынша ұйымдастыру-әдістемелік бағыттарында жұмыс атқарады.