Түркістандық дәрігерлер үздік еуропалық клиникада тәжірибе жинайтын болды
Мәртебелі қонақтарды басқарма басшысы Мұқан Егізбаев қабылдап, екі жақты келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кездесу барысында тараптар ортақ меморандум жасап, екіжақты маңызды құжатқа қол қойды. Енді келер жылдың қаңтар айынан бастап Түркістан облысының дәрігерлері Ыстанбұлдағы Едитепе (Yeditepe) университеттік госпиталінде тәжірибе жинақтап, біліктілігін арттырады. Түрік медициналық университетінің базасында құрылған клиника Еуропадағы ең озық кешенді денсаулық сақтау ошағының бірі саналады.
Түркістан облысының Денсаулық сақтау басқармасы мен университет госпиталі арасындағы келісімге сәйкес, денсаулық сақтау саласында екі жақты ақпарат алмасу, медицина мамандарын даярлау және олардың біліктілігін арттыру жоспарлануда.
Еске салайық, Едитепе көпсалалы медициналық орталығы 15 бейінді орталықты қамтиды. Клиниканың негізгі бағыттары - онкология, онкогематология, нейрохирургия, урология, гинекология, неврология салалары. Медицина орталығының дәрігерлері ересектер мен балаларға жүрек, бауыр, бүйрек және сүйек кемігін трансплантациялау бойынша операциялар жүргізеді. Жыл сайын 30 мыңнан астам пациентке қызмет көрсететін «ақылды аурухана» әлемдегі алғашқы микробқа қарсы аурухана болып отыр.